Бір үлкен имам көзге түрткісіз қараңғы түнде бір топ шәкірттерімен бірге таудың жолымен жоғары қарай көтеріліп келе жатады. Жолда күн жауып, боран болады. Шәкірттердің мазасы қашады. Бірақ ұстаздары тоқтауды бұйырмағаннан кейін, оның артынан ілгері ілби жүре береді. Бір кезде жауын толастайды. Сонда имам: «Аяқтарыңа бірдеңе батты ма?» - деп сұрайды. Шәкірттер: «Батты» - деп жауап береді. «Сол батқан нәрсені алған да өкінеді, алмаған да өкінеді» - дейді имам. Қараңғыдағы бораннан қалжыраған шәкірттердің кейбірі: «Ақыры өкінетін болғаннан кейін оны алған не, алмаған не?» - деп, табандарына батқан тас секілді нәрсені алуға ерінеді. Ал шәкірттің қалғандары: «Аз да болса алып, не екенін ертең көрейік» – деп ойлап, қалталарына бір-екі түйір белгісіз тасты салып қояды. Ертеңіне таң атқан соң тасты алып қараса, гауһар (бриллиант) екен. Сонда алмағандар: «Неге алмадық?» - деп, алғандар: «Неге аз алдық?» - деп өкініпті. Сол секілді, Қиямет күні намаз оқымағандар: «Неге намаз оқымадық?» - деп, ал намаз оқығандар: «Неге аз оқыдық?» - деп өкінеді екен. Аллаһ Тағаладан бізді өкінушілерден етпеуін сұраймыз!

Теги других блогов: имам шәкірттер қараңғы